КҚК 25 жасы

АТЫРАУ МҰНАЙ ҚҰБЫРЫ БАСҚАРМАСЫ: ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ ЖОЛ

2021 ЖЫЛЫ АТЫРАУ МҰНАЙ ҚҰБЫРЛАРЫ БАСҚАРМАСЫ 50 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫН АТАП ӨТЕДІ

Кәсіпорынның тарихын зерттегенде, өз өмірін мұнай тасымалдау саласымен тығыз байланыстырған кәсіпқойлар кезінде аянбай еңбек етпесе, мұндай тарих болар ма еді деп ойланасың.  

Қазіргі жас мамандар үшін оларға дейінгілердің мұнай тасымалдау магистральдарын қандай жағдайда салғанын елестету де оңай емес. 700-километрлік «Каспий-Орск» құбырын тарту жұмыстары алыстағы 1932 жылы басталған. Оның жолы Гурьев, Ақтөбе және Оренбург - үш облыстың аумағы арқылы өтетін. Мұнай құбырын салушы болған алғашқы құрылысшылар Қазақстан даласында құбыр пайда болуы үшін өте көп күш жұмсауына тура келді. Олар халық бар елді мекендерден алыс жерде тұрды, құмды борандарға шыдады, жер үйлерде жатты. Мұнай құбырын тартушы құрылысшылар көліксіз, арнаулы техникасыз қолмен жұмыс істеді. Құбырларды тағайындалған жерге дейін түйеге артып жеткізетін, ал оқшаулауды қаптар мен битумнан жасайтын. Тұңғыш мұнай құбыры магистралі құрылысшылардың аянбай еңбек етуінің арқасында аяқталды.

Виктор Вельтер

Виктор Вельтер

Оңтүстік мұнай құбырының жөндеу-құрылыс басқармасын көп жыл басқарғандардың бірі Виктор Вельтер еді. Оның айтуынша, 1930-шы жылдарда салынған құбырлардың сапасы өте жақсы болған.

 «Мұнай құбырлары жүйесіне 1973 жылы әскерден келе сала кірдім, сол 70-ші жылдарда «Каспий – Орск» мұнай құбырын бөлшектеп бұзу басталып жатты. Барлық жіктер өте сапалы пісірілгені жақсы көрініп тұрды. Металл сыртынан қарағанда жақсы болған, тоттану негізінен құбырдың ішінде болды», – деп әңгімелейді АМҚБ ардагері.

Аталған мұнай құбырын пайдалану мен оған қызмет көрсету үшін 1941 жылы Гурьев мұнай құбыры кеңсесі, кейіннен – Гурьев тауар-көліктік басқармасы құрылған. Ал 1969 жылы мұнай тасымалдауға арналған құбыр магистральдары салынып, пайдалануға енгізілген, олар: «Кеңқияқ – №6 МАС» («Кеңқияқ» және «Темір» сорғы станцияларымен бірге), «Қаратон – Қосшагыл». «Қаратон – Сарықамыс» су құбыры, «Мартыши» мұнай құю эстакадасы, «Мартыши» – 19-шы разъезд (Атырау) мұнай құбыры, Гурьев қаласындағы тазарту құрылғылары жұмыс істей бастады.

Жайық-Еділ мұнай кәсіпшіліктерінің ағынына маңғыстаулық мұнай да тартылуына байланысты және Батыс Қазақстан кеніштерінен «Өзен – Гурьев – Куйбышев» құбырымен мұнайды үзіліссіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін Приволжский магистральдық мұнай құбырлары басқармасының құрамында Балықшы аудандық мұнай құбыры басқармасы құрылды, ол «Гурьев – Калмыково» мұнай құбырының ұзындығы 222 км учаскесіне қызмет көрсететін. Ол кезде БАМҚБ барлық бөлімшелері мұнай айдаудың және Новокуйбышевск зауыттарына жеткізудің барлық технологиялық процестерін қамтыған. Осы сәттен Қазақстанның мұнай тасымалдау тарихында жаңа кезең - өндірістік автоматтандыру және заманауи қондырғылар енгізу басталды.


Зинон Абдрахманов

Мұнай құбыры өндірісінің ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Зинон Абдрахмановтың естелігінен:

«Балықшы аудандық мұнай құбыры басқармасы құрылған кезде мен орталықтандырылған бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика қызметінің бастығы болып жұмыс істегенмін. Алдымызға «Гурьев» және «Индер» мұнай айдау станцияларын автоматтандыру мәселесі қойылды. Сол кезде мұнай айдау станцияларынның магистральдық сорғыларының қуатын ұлғайту үшін көп күш салуға тура келді. Жаңа технологиялық процестерді енгізу үшін маман қажет болды, сондықтан мені атоматикамен айналысатын әріптестеріммен бірге Австрияға және Германияға стажировкаға жіберді. Ал 1976 жылы «Honeywell» автоматтандырылған қондырғысы келді, ол 25 жыл жұмыс істеді».

Жылдамдықты кемітпей

Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңі Атырау мұнай құбыры басқармасы үшін де қиын уақыт болды. Бүкіл Қазақстанда экономикалық жағдай күрделі болды, оған қарамастан мұнай көлігі саласының қызметкерлері өндірісті жетілдіруді тоқтатпады. Олардың алдына стратегиялық маңызы бар міндет қойылды – мұнайды экспортқа үзіліссіз жеткізіп тұру.

Саркис Снхчян

«Сол жылы біз «Атырау – Самара» магистральдық мұнай құбырының учаскесін қайта құруға кіріскенбіз, – деп әңгімелейді мұнай құбыры өндірісінің ардагері Саркис Снхчян, ол 1994 – 2015 жылдары Атырау мұнай құбыры басқармасын басқарған. – «Атырау-Карманово» учаскесіндегі жұмыстарды біз 1994 жылы бастадық. Екінші кезекте «Карманово – Индер» учаскесін, одан соң «Индер – 924 км» учаскесіндегі жұмыстарды аяқтадық. Осылай бір жылдың ішінде біз мұнай құбырын жаңартып шықтық, нәтижесінде 1995 жылы Самараға 11 млн тонна мұнай жеткізілді. Бұған дейін бұл көрсеткіш жылына жеті миллион тоннадан аспайтын», – АМҚБ сол кездегі басшысы осындай естелік айтты.

1997 жылы «ҚазТрансОйл» компаниясы құрылғаннан соң Атырау мұнай құбыры басқармасы оның Батыс филиалының құрамына енді. Осы кезеңнен бастап мұнай құбырлары компаниясы өндірісті қайта құрылымдау жобасын әзірлеуге және оны іске асыруға кірісті. 1998-99 жылдарда Тарас Қасымов атындағы мұнай айдау станциясында екінші ағызу-құю эстакадасы салынды, МАС-тағы қыздыру пештеріне реконструкция жүргізілді, бұл орайда қыздыру жүйесі газға ауыстырылды. 2000 жылдарда резервуарлар паркі толықтай жаңартылды, Тарас Қасымов атындағы МАС-та өртті көбікпен сөндіру жүйесі, инженерлік коммуникациялар қайта құрылды, станцияның ішінде асфальт жол салынды. Орталық химиялық зертхана, Атырау мұнай құбыры басқармасының жаңа ғимараты салынды.

Қазір АМҚБ қарқынды дамып, еліміздің және саланың экономикасына өз үлесін қосып келеді. Табиғатты қорғау іс-шараларына кәсіпорын ерекше назар аударады. Нұрибек Шманов атындағы мұнай айдау станциясын жоспарлы түрде қайта құрудан соң буларды рекуперациялаудың инновациялық қондырғысы жұмысқа енгізілді, ол мұнай тасымалдау кезінде өндірістік шығындарды азайту және атмосфераға зиянды заттар шығарындыларын бұғаттау үшін тағайындалған. Алдағы перспективада «ҚазТрансОйл» АҚ осындай конструкцияларды өзінің басқа да өндірістік объектілеріне орнату бойынша осыған тең жобаларды іске асыруға ниеттенеді.

Кадр мәселесі өте маңызды

Халық ішінде «Ағаш биктеген сайын тамыры тереңдей береді» деген сөз бар. Өндірістегі жетістіктер, перспективалар мен инновациялық технологиялар туралы әңгіме қозғағанда, бұл процестердің бәрін іске асырып жатқан адамдарды ұмытпаған жөн. Үлкен үйлесімді ұжымның әр қызметкері өзін зор механизмнің құрамдас бөлігі ретінде сезінеді. Мұнай көлігі саласы компания қызметкерлерінің тағдырына арқау болды деп ойлайды Атырау мұнай құбыры басқармасының бастығы Асқар Жолдасов.

Аскар Джулдасов

«Жарты ғасыр тарихы бар басқарма өзінің күрделі қалыптасу кезеңінен өтті. Бүгін сала кәсіпқойлары еңбегінің арқасында ол қуатты және модернизацияланған өндіріске айналды. Тәуелсіз мемлекетіміз қалыптасқан кезеңде басқарманы басқарған, оның дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлеріміз Фердинат Мамонов, Саркис Снхчян ағаларымызды біз мақтан тұтамыз. Өз кезінде басқарманы басқарып, кәсіпорынның автоматтандыру жүйесін автоматтандыруға және ұжымның өндірістік әлеуетін арттыруға көп күшін салған Сәбит Рзиевтің еңбегін де атап өткім келеді», – дейді Атырау мұнай құбыры басқармасының басшысы.

Басқарманың құрамындағы маңызы зор мұнай айдау станцияларының бірі мұнай тасымалдау саласына еңбек сіңірген, АМҚБ-дағы жұмысқа өмірінің 50 жылын арнаған ардагер Тарас Мәжитұлы Қасымовтың атымен аталады. Тарас Қасымов атындағы МАС-та Батыс Қазақстан кен орындарынан мұнай қабылдау жүргізіледі, «Атырау – Самара» құбырымен мұнайды әрі қарай айдау, Атырау МӨЗ-ге жеткізу, Каспий Құбыр Консорциумының жүйесіне тапсыру және теміржел көлігімен жөнелту үшін цистерналарға құю жұмыстары іске асырылады.

Мұнай құбыры саласының қазіргі заман мамандары өздерінің осындай тарихы бар өндіріске және сала дәстүрлеріне қатысы бар болуын мақтан етеді. Бүгінгі күні АМҚБ қызметкерлері жаңа технологияларды зерттеп және өндіріске енгізіп, жаңа жағдайда еңбек етеді, олар саланың негізін қалап, лайықты із қалдырған ардагерлердің ісін жалғастырып келеді.


Источник

Наш сайт использует файлы cookie. продолжая пользоваться сайтом, вы соглашаетесь на использование нами ваших файлов cookie.