Қараша айының бас кезінде Атырауда ерекше жоба іске асырылып, жұртшылыққа таныстырылды. Бұл композитор Әбілахат Еспаев пен ақын Садықбек Адамбековтың туындысы - «Маржан қыз» атты әннің 70 жылдығына арналған әдеби-музыкалық кеш еді.
Кеш өте әдемі ұйымдастырылды, себебі бұл бұрын-соңды болмаған форматтағы, ерекше идеяға негізделген шара еді: сол әннің кейіпкері Маржанның жолын жалғастырып, әртүрлі салада жетістіктерге қол жеткізген атыраулық Маржан есімді ханымдар бір жерге бір уақытта – Махамбет атындағы Атырау драма театрында жиналды.
Мұндай кеш ұйымдастыру идеясын атыраулық ақын қызымыз Маржан Ершу өзі аттас бірнеше Маржанға ұсынған еді. Ал оған дейін «Атырау Маржандары» деген сөз тіркесінің бірінші рет айтылып, өзін ойландырғанын, кейіннен идеяға негіз болғанын Маржан Ершу былай әңгімелейді: «2017 жылы суретші-дизайнер Маржан Маршалл, облыстық театрдың суретшісі модельер Гүлмаржан Махамбет үшеуіміздің Нұр-Сұлтанда өткен ЭКСПО көрмесіне келіп, киіз үй алдында әңгімелесіп тұрғанымызды көрген сол кездегі Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев :«Атырау Маржандары жиналып қалыпты ғой»- депті...
«Маржан» сөзінің бірнеше мағынасы бар ғой, сол көпмағыналықты нағыз филолог ретінде қолданып, паш ету керек болды. Біріншіден, әрине, жұртшылықтың есіне Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлікпен еңбек еткен жерлесіміз, жылқышы, Социалистік Еңбек ері Маржан Енбаеваны еске алып, негізгі кейіпкер ретінде «Маржан қыз» әнін қайта жандандырып, есімін құрметтеу. Бұл ән менің де есімде. Кішкентай кезімде үйге жиналған туысқандар дастархан басында домбыра тартып, баянның сүйемелдеуімен көп ән айтатын, соның ішінде «Маржан-ай» деген ән шырқалғанда, маған арнап айтып жатыр деп шаттанатынмын. Мен туғанда әкем қатты қуанып, он шақты күн бойы ешбір ұсынылған атты ұнатпай қойыпты, сонда бір жұмыстасы «қызыңа Маржангүл деген есім лайық, өзі теңіздің түбінен табылатын тастай асыл, өзі гүл болсын» деген екен. Ол жылдары бұл есім жиі қойылатын, оның кең таралуына әннің шығу тарихымен өзім енді ғана танысқан осы керемет ән себепші болған екен.
Атырау облысында есімі танымал Маржандардың ішінде мұнайшы да болған екен. Маржан Боранбаева Жылыой ауданында мұнайшы оператор болып еңбек еткен, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты сайланып, Мәскеуге барған. Құлсары қаласында осы Маржан апайдың есімімен аталатын көше бар. Махамбет ауданының халқы құрмет тұтатын Маржан Мұқанова озат сауыншы атанып, еңбекқорлығымен белгілі болған. Бұл апай «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Бүгінгі күні еңбегінің арқасында Атырау халқының назары мен ықыласына бөленген бірнеше Маржан бар. Бұл ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Өнер академиясының академигі, ҚР мәдениет қайраткері «Гүлмаржан» сән үйінің директоры Гүлмаржан Махамбет, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің солисі, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Маржан Төреханова, зейнеткер ұстаз, КСРО Халыққа білім беру жөніндегі мемлекеттік комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталып, «Үздік тәлімгер ұстаз» атағына ие болған Маржан Қабышева, «Барыс» Қазақ-Мажар қорының мәдени байланыс бөлімінің қызметкері болған Маржан Мақсым (қазір зейнеткер, Будапешт қаласында тұрады), суретші-дизайнер, коллекционер, ұлттық нақыштағы заманауи сән үйінің директоры Маржан Маршалл, «Өрлеу» БАҰО филиалының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Маржан Ғалымжанова (қазір Алматы қ. Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде кафедра меңгерушісі), ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Маржан Бисенова, Каспий маңы заманауи жоғары колледжінің жоғары санатты оқытушысы Маржан Асқарова, Елбасының алғыс хатымен марапатталған кітапханашы Маржан Симанова, кезінде Гурьев облыстық комсомол комитетінің нұсқаушысы, «Жайық қызы» халық ансамблінің бишісі болған, қазір «Учусь на 5» білім беру орталығында математика пәнінен сабақ беретін ұстаз Маржан Байзулиева, «Baby City» жекеменшік мектеп-балабақша кешенінің директоры Маржангүл Сүлімова, әрі аспаз, әрі тігінші, қолөнер шебері Маржан Қарабаева, «Білім KZ» білім беру орталығының директоры Маржан Үрпекова, «Сичим» компаниясының қызметкері Маржан Кенжеахметова, Маржандар арасындағы ең жас суретші, қолөнерші, «Homeart_mbu» cтудиясының директоры Маржан Боранбаева.
Бұл тізіп аталған ханымдардың әрқайсысының өмірде және еңбекте өз орны, өнерде қалдырған айрықша ізі бар, олар – Атыраудың маржан тәрізді асылдары. 4 қарашада өткен тамаша кешке осы Маржандар қатысты, «Маржан қыз» әні шырқалып, жиналған көрермен жүректеріне ерекше сезім ұялатқан әсем концерт болды, Маржан Маршалл сән үйінің киім үлгілері көрсетілді. Маржандар театр фойесінде көрме ұйымдастырып, өздерінің туындыларын халыққа таныстырды. Бұл кешке дайындық барысында «Атырау Маржандары» атты өте әдемі және мазмұнды, тәрбиелік маңызы мол альбом-кітап жарыққа шықты, театр сахнасында оның тұсаукесері өткізілді. Кітапта «Маржан қыз» әнінің кейіпкері Маржан Енбаевадан бастап, аталған Маржандар туралы мақалалар мен әдемі фотосуреттер, маржан туралы қызықты танымдық ақпараттар, маржанға арналған тақырыпта көркем әдебиет шығармаларынан деректер келтірілген. Маржандарды біріктіріп, асыл да қымбат, мөлтілдеген моншақтай тізіп көрсету идеясының авторы, кешті ұйымдастырушы, альбомның бас редакторы - ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің өлеңдері, мақалалары мен аудармалары (сөз маржандары) жарияланған. Сондай-ақ альбомда Атырау өңірінде ісімен танымал болған, халықтың ерекше құрметіне бөленген, аты Маржан болмаса да, заты асыл аналар, халқымыздың рухани байлығын арттыруға үлес қосып жүрген ханымдар жайлы материалдар келтірілген. Мұның бәрі, бір сөзбен айтқанда, білгенге - маржан. Театрда болған осынау тамаша кешті мына сілтеме бойынша ютуб арнасынан тамашалауға болады: https://youtu.be/4CtdfBYXvug.
Мақаланың авторы – филология ғылымдарының кандидаты, ұстаз, аудармашы (КҚК-Қ компаниясында 2009-2020 жж.) Маржан Диарова