2022 жылы мұнайлы Ембі 100 жылдығын атап өтеді. Кәсіпорынның ресми ашылуы 1922 жыл болып есептеледі. Дәл сол кезде «Доссор» мен «Мақат» кен орындарын игеруге «Эмбімұнай» тресі құрылған болатын. Бірақ Қарашүңгілдегі Ембі құрылымындағы №7 ұңғымадан мұнай 1899 жылы алынған болатын. Қазақстандық мұнайдың тарихы осы оқиғадан басталады.
Алғашқы мұнайды алу үшін ол өлкеде 200 жыл бойына зерттеу жүргізілді. Ал Ембінің мұнайлы аудандарында барлау жұмыстары 19 ғасырдың екінші жартысында басталды. Ресей мен Ұлыбританияның капиталының қатысуымен жасалған алғашқы мұнай концессиялары, «Ембі» мұнай қоғамының акциялары Лондон биржасында, революция жылдары, одан кейінгі азаматтық соғыс және алғашқы мұнай кәсібін қалыптастыру жұмыстары, Ұлы Отан соғысы жылдары ембіліктердің жасаған ерлігі – осының барлығы «ЕмбіМұнайГаз» акционерлік қоғамының қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келген.
Мұнай кәсібінің дамуымен бірге қазақстандық ұлттық кадрлар да дамыды. Олардың ұрпақтары әлі күнге дейін осы салада еңбек етеді. Олар «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамында, еліміздің басқа да мұнайгаз компанияларында, тіпті шетелде жұмыс жасайды. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Ембінің негізінде мұнай техникумы ашылған еді. Сол жылдары Гурьев-Ембі-Орск мұнай құбырының құрылысы да басталған болатын. Соғыс және соғыстан кейінгі жылдары сапалы жанармай жоқтың қасы болды. Бұл қажеттілік отандық мұнай өндірісі мен мұнай өндеу саласының дамуына түрткі болды. Гурьев мұнайөндеу зауыты құрылды. Ал 1945 жылы «Ембімұнай» тресіне «Қазақстанмұнай» өндірістік бірлестігі болп қайта құрылды. Оған Қазақ КСР аймағында жұмыс жасайтын мұнай саласындағы кәсіпорындардың барлығы енді. Ембі геологтарының басты жетістіктері – Батыс Қазақстандағы көмірсутек шикізатының ірі кен орындары: Теңіз, Өзен, Маңгышлақ, Прорва, Кенбай және т.б. Солардың арқасында мұнайгаз саласы әлі күнге дейін еліміздің экономикасының қозғаушы күші болып табылады.